Атаман болған Әділ

Әділ Ахметовпен Конгресс-холлдың маңындағы бір дәмханада кездестік. Қою шайдан сораптай отырып, актер әңгімесін ақтарды. Әлқисса, атасы қой бағып жүріп, туррра 26 жыл бұрын «шөптің арасынан тауып алыпты». Сұлу келіншегі мен сүйкімді баласы бар (қызар үшін айтып жатқаным ғой). «Астана махаббатым менің» , «Қалжа» фильмдерінде ойнаған (Әлгі ше, лампочканы аузына салып алып, шығара алмай иттей болатын жігіт :)). Астанадағы жастар театрының геройы. «Звезда №1» :). Сонымен, бандит болуды армандаған кластың атаманы (өз сөзі)  келешегінен үміт күттіретін  әртістеріміздің бірі.

– Он жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз? Қандай жетістікке жеткіңіз келеді?

– Алла жазса, төрт-бес баланың әкесі 🙂 және ел сыйлайтын азамат болсам. Сосын театрымызға кіре алмай, көрермендер билетке таласып жатса.  Орындалмайтын армандар да бар.

– Мысалы?

– Мысалы, футболдан Әлем чемпионатына қатысып, алтын кубокпен оралу. Немесе бокстан Олимпиада чемпионы атану… :).

– Сізден мықты спортшы да шығар ма еді… Актерлікке қалайша келіп қалдыңыз?

– Менің өнерге икемімді ашқан «77 күн». Соны көріп алып, мақтадан мұрт жапсырып, көзәйнек тағып, Қыртымбек Балтабекұлы деген шалдың кейпіне енетінмін. Сосын үйде «программа» түсіретінбіз (атам бейнекамера әперген). Бірте-бірте біздің сынып үздік скетч қоятын болды. Мұғаліміміз театр институтына бар деп кеңес бергені де содан.

– «Астана махаббатым менің» сериалындағы әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Әлі де хабарласып тұрамыз.

– Олар қазақша үйренді ме?

– Түсірілімде түрікше сөйледі. Кей сөздеріміз бір болып шығады. Кей сөздеріміз ұқсамайды. Мысалы, «Күчігің бар ма?» дегені «Інілерің бар ма?» дегені екен. Бахар тағы бірде «Чөжегің бар ма?» дейді. «Балапан кішкентай кезімде көөөп болған» деп әңгімені жіберіп отырсам, онысы «Балаң бар ма?» дегені екен :).

– «Қалжаны» көрген талай адам аузына шам салып көрген шығар?

– Мүмкін :). Бұл – өмірде болған оқиға. Ауызға кірген шамды шығарудың екі жолы бар. Біріншісі, дәрігерге барып, жаққа ине салдырады. Екіншісі, беторамалды ұрттың бір жағынан кіргізіп, екінші жағынан шығарады да, шамды орап, ақырын сындырады. Басқаша шығару мүмкін емес :).

– Әуезов сияқты үлкен театрға кетсеңіз, жақсырақ болмас па еді?

– «Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ» дейді. Дегенмен академиядағы группаластарымызбен бір театрда, бір театр болғанда да өзіміз іргесін қалаған, жаңа театрда істейміз. Басқа жерде бұдан артық болады деп айта алмаймын. Біз бір-бірімізді көздің қиығымен-ақ түсінеміз. Театрымызда үлкен де, кіші де жоқ. Бәріміз теңбіз. Сосын бізде ансамбль бар. «Жаяудың шаңы шықпас» демекші, осы ынтымағымыздың арқасында бүкіл республикадағы театралдарды мойындаттық.

– Жаныңыз демалып ойнайтын роліңіз бар ма?

–  «Диляфруздың төрт күйеуіндегі» Смағұл деген мақтаншақ жігітті рахаттанып ойнаймын :).

– Көрерменге иілуге шыққанда өзіңізді қалай сезінесіз?

– Ел шапалақ ұрып жатқанда сахнада тұра берсем дейсің. Немесе секіріп түсіп, бәрінің қолын алып, құшақтап, тіпті бірге жылап алғың келеді :).

– Ең жақсы көретін серіктесіңіз кім?

– Көбінде Дәурен Серғазинмен жиі кездесеміз: «Ревизорда» ол Хлестаков болса, мен Дуанбасы, «Жан азабында» мен Әміршіні ойнасам, ол менің қолымнан қаза табатын жас жігіт. «Ханша дария хикаясында» Шыңғыс ханды ойнасам, менен жеңіліс табатын тайпа көсемі – тағы да Дәурен.

– Өмірде өш алатын шығар сізден?

– «Қымызханада» ол Жексен, мен Талап болып Ерке деген қызға таластық. Ақыры өмірде ол Еркеге үйленіп алды ғой :).

– Актерлердің, репертуарда жоқ болса да, іштей бір рольді жаттап, дайындалып жүретіні бар еді. Сіздің ондайыңыз жоқ па?

– Мұндай ой қолы бос адамға келеді. Қазір бізде жұмыс жетеді. Дегенмен Чеховтың «Айттыру» деген шығармасы бар (студент кезімізде қойғанбыз). Сондағы қорқақ, жалтақ кейіпкерімді әлі күнге ойнағым келеді.

– Соңғы кезде ең жиі ойлайтыныңыз не нәрсе?

– Өнерге көзқарас бұрыс екенін жиі ойлайтын болдым. Жалақы жоқтың қасы, әлі күнге Астанада мынау деп көрсететін театр сахнасы жоқ. Көшеде актер сүмірейіп кетіп бара жатса, оны көрген адам ертең театрға келе ме? Еңсеміз түсе бастағанын сезе ме, ұстазымыз (біздің антивирусымыз :)) қанаттандырып қояды. Сосын көзді тарс жұмып, жұмысқа қойып кетеміз. Біз біреуіміз кетсек, бәріміз жұмыла жасаған еңбек, төккен тер құрдымға кетті дей бер. Сондықтан, бір-бірімізді қия алмай, қиянат жасай алмай, жүріп жатырмыз.

Әңгіме осы жерге келгенде телефоны безілдеп қоя берді. 10 минуттан кейін ол жүргізетін концерт басталады. Ал бұл болса… лағман жеп отыр. Сонымен, апыл-ғұпыл асын ішіп, сабазың концертке зытты. Мен өз жайыма кеттім 🙂.

10 пікір (+add yours?)

  1. balzaminka
    Нау 28, 2011 @ 18:40:39

    Қойылымдарды қалай сағындым, мына сұхбаттан кейін аж жылағым келіп кетті, осыдан, осыдан елге барғанда ең бірінші театрға бармасам ба 😦

    Рахмет, Әсия!

    Жауап беру

  2. balzhan
    Нау 29, 2011 @ 07:09:36

    сұхбат қызықты шығыпты.

    Жауап беру

  3. Ақзере
    Нау 30, 2011 @ 06:48:04

    Театрда ойнау бөлек, кинода ойнау бөлек. Неге екені театрдың актерлері киноға келгенде біртүрлі переигрывать етіп кетеді.

    Жауап беру

  4. Gastarbaiter
    Сәу 08, 2011 @ 09:06:45

    Мә мен мына жігітті танымайды екем.

    Жауап беру

  5. monti
    Сәу 22, 2011 @ 03:06:25

    қызық негізі Досжан Табылдымен ұқсас деп шатастырам кейде 🙂 былай ұқсамайды негізі екеуі бір/біріне)))
    Жақсы сұхбат тек, мен кинодағы/театрдағы ойындарын көрмептім 😦

    Жауап беру

    • karagooz
      Сәу 22, 2011 @ 09:26:50

      Баяғыда олар Алматыда «Мен» деген атпен Мүсірепов театрында спектакльдер қоятын. Сонда «Ревизорды», «Қозы мен Баянды», т.б. көріп, осы театрға ғашық болғам. Шынында да қайталанбайтын театр, қайталанбайтын актерлер (деп ойлаймын)) Астанаға келсең, қойылымдарына бірге барамыз 😉

      Жауап беру

      • monti
        Сәу 22, 2011 @ 09:46:12

        ниетіңізге рахмет 🙂 міндетті түрде болармын Астанада әлі талай…
        как раз, екеуміз ойда жоқта Камшат арқылы театр залында танысып едік ғой, ол есіңізде жоқ па? 😉

      • karagooz
        Сәу 22, 2011 @ 09:47:31

        Иә, иә, есімде)) Сенің блогыңа пікір қалдыра алмай, пұшайман болып отырмын) Дұрыс тіркелмегем бе, бірдеңе 😦

Пікір қалдыру